Амалым қанша

Published on 22/01/2017

Шөлімді басар сен бе едің кәусар бұлағым?
Үкілі-ай қалқам, үзіле жаздап ұнадың.
Ойда жоқ сәтте оянған албырт сезімді,
Амалым қанша, айта алмай іштен тынамын,
айта алмай іштен тынамын.

Қыз:

Ессіз дүниенің етегі келмей қымтауға,
Асылды ма екен, шашылды ма екен күн тауға?
Өңімде көрмей түсіме ылғи енетін,
Жарығым саған, тәңірім саған мың тәуба,
Амалым қанша, тәңірім саған мың тәуба…

Жігіт:

Оңаша қалып опасыз жалған бес күннен,
Еншімді жаным, даулаған емен ешкімнен.
Айтатын сөзім тұрса да тілдің ұшында,
Амалым қанша, мылқаудың күнін кештім мен,
мылқаудың күнін кештім мен.

Қыз:

Есіркей көрме, мүсіркей көрме өтінем,
Жетелеп жүрсең жетім қозыдай жетілем.
Жазмыштың жазған жазуы жаным сол болса,
Жалғыздан жалғыз несіне налып өкінем.
Амалым қанша, несіне налып өкінем…

Жігіт:

Боларсың сәулем әнімді менің естіген,
Алдыңда сенің мың лаулап тұрып өштім мен.
Күлімдеп қарғам шықсаң да менің алдымнан,
Амалым қанша зағиптың күнін кештім мен,
зағиптың күнін кешті мен.

Қыз:

Көкейде арман, көңілде алуан маржан бар,
Айтыла берсе сезім де сөз де арзандар.
Хан сарайындай жанымның жауһар жарығын,
Қайдан да білсін көкірек көзі көр жандар.
Амалым қанша, көкірек көзі көр жандар…

Жігіт:

Таң болып атып, күн болып менде шығар ем,
Қыз: Әтең-ай, әттең дүние-ай неткен шұбар ең.
Екеуі қосылып: Бермейді маза, тербейді мені бесікте,
Махаббат деген, махаббат деген бір әлем.
Амалым қанша, махаббат деген бір әлем.
Амалым қанша-ай, Махаббат деген бір әлем.

 

Сөзі:

Әні:

Орындаушы:

Видеоға сілтеме:

Enjoyed this video?
"No Thanks. Please Close This Box!"