Сен де арманда, қалқатай, мен де арманда,
Екі арманда жылайды айрылғанда, сәулем-ай.
Қарай-қарай артыңнан көзім талды,
Нең кетеді артыңа қайрылғанда, сәулем-ай.
Мінген атым сұр ма екен,
Ат ағашта тұр ма екен.
Жайлаудағы жан сәулем
Аман-есен жүр ме екен?
Алып келген базардан күміс құман,
Дариядан өтеді көзін жұмған, сәулем-ай.
Қыл өтпестей арадан тату едік.
Қастық қылған біздерге қай антұрған, сәулем-ай.
Мінген атым сұр ма екен,
Ат ағашта тұр ма екен.
Жайлаудағы жан сәулем
Аман-есен жүр ме екен?
Сөзі: Халық әні
Әні:
Орындаушы: