Әлі есімде, біледі жұрт, біледі,
Ел басына қатер төнген жыл еді.
Қимастарын қан майданға ұзатып,
Қарс айырылған аналардың жүрегі.
О, аналар, осындайсың бәрін де,
Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.
Сиынатын болса өмірде құдірет,
Сиынар ем ана деген тәңірге.
Соғыс жұлып кетті үйінің тірегін,
Соғыс бұзды қуанышын, реңін.
Тұрды ана күйеуінен айырылып,
Тұрды құшып тек қана оның күрегін.
О, аналар, осындайсың бәрін де,
Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.
Сиынатын болса өмірде құдірет,
Сиынар ем ана деген тәңірге.
Ақ сүті оның өтеусіз жай қала ма,
Борышты оған небір дарқан дана да!
Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге,
Әй, адамдар, жол беріңдер анаға.
О, аналар, осындайсың бәрін де,
Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.
Сиынатын болса өмірде құдірет,
Сиынар ем ана деген тәңірге.
Тағы да үміт, шек қала ма арманға,
Өмірге ынтық, ана шөлі қанған ба?!
Ана – үміт, ана – жігер, ана – азамат,
Одан берік, одан нәзік жан бар ма?!
Ана туралы баллада
Сөзі: Жақсыгелді Сейілов
Әні: Аманжол Шамкенов
Орындаушы: Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Алтынай Жорабаева
Видеоға сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=T4ihsLm0tZ4