Ана тілегі (текст)

Түн ұйқымды төрт бөлсем де кезінде,
Шек бола ма аналық бұл сезімде?
Бәрібір сол келіп тұрар айналғым
Өзім жаққан отым бар ғой көзіңде.
Маған бақыт әр қызығың, әр жасың,
Сәт шағыңа қайтып мейір қанбасын.
Азамат боп атың шығып жатса да
Бәрібір мен деймін сені: «Қарғашым!».
Қалма айрылып адамдықтан қолда бар,
Беделіңді өзің тауып жолдан ал!
Еліңнің бір кәдесіне жарасаң
Ақ сүтімді ақтағаның сол болар.
Маған бақыт әр қызығың, әр жасың,
Сәт шағыңа қайтып мейір қанбасын.
Азамат боп атың шығып жатса да
Бәрібір мен деймін сені: «Қарғашым!».
Кетпегей тек әлдилеген босқа әнім,
Түспесін тек, түспесін тек басқа күн.
Жалғыздықтан жаман нәрсе жоқ, жаным,
Лайымда көп болсын тек достарың!
Маған бақыт әр қызығың, әр жасың,
Сәт шағыңа қайтып мейір қанбасын.
Азамат боп атың шығып жатса да
Бәрібір мен деймін сені: «Қарғашым!»

 

Сөзі: А. Шамкенов

Әні: Қ. Адамбалинов

Орындаушы:

Видеоға сілтеме: