Таудың гүлі қол бұлғайды алыстан,
Маған сәлем жеткізгендей ғарыштан.
Сол бір сәтті, сол бір сәтті, сәулешім,
Түседі еске алғашқы күн танысқан.
Табындырған тау гүлім,
Сағындырған тау гүлім.
Тілейтінім — өзіңнің,
Есендігің, саулығың.
Таудың гүлі сонда маған сыр айтқан,
Таудың түні тұнжыратқан, мұңайтқан.
Таудың селі сырғып аққан сәтінде,
Таудың желі көңілімді жұбатқан.
Табындырған тау гүлім,
Сағындырған тау гүлім.
Тілейтінім — өзіңнің,
Есендігің, саулығың.
Таудың гүлі суықтарға тоңбаған,
Таудың гүлі бал бұлаққа қанбаған.
Қол жетпейтін, көз жетпейтін қияда,
Таудың гүлі желбіреу бір мәңгі аман.
Табындырған тау гүлім,
Сағындырған тау гүлім.
Тілейтінім — өзіңнің,
Есендігің, саулығың.
Сөзі: Серік Тұрғынбеков
Әні: Әшірхан Телғозиев
Орындаушы: