Тойтарқар (текст)

Тойбасқарушы:

Құмар-ау тамашаға, ізгілікке ел,
Мұндай тойдан сіз бенен біз де үміткер.
Баянды болсын ыстық ақ махаббат,
Тойтарқарды айтыңдар, қыз-жігіттер!

Қыз-келіншектер:

Сүйген жүрек сөнбесін, жалындасын,
Сүйген жүрек өзгені сағынбасын.
Жұбайлар, қосағыңмен қоса ағарып,
Өмірде алдарыңнан жарылқасын!

Арман қу әсте қалмай жолдарыңнан,
Келмес өнер болмасын қолдарыңнан.
Үбірлі-шүбірлі боп үйге сыймай,
Шұбырсын ұрпақтарың соңдарыңнан.

Құрбының көтере біл базынасын,
Көңілде жастық шақтың жазы қалсын.
Тілейміз Алатаудың асқақтығын,
Тілейміз тірлік-базар қазынасын.

Жігіттер:

Гүлге жер, нұрға оранған асқарымыз,
Шұғылалы, шайдан ашық аспанымыз.
Кен қазып, егін еккен, ғарышқа ұшқан,
Бақытты елдің бақытты жастарымыз.

Бізде бар өнер, білім, парасат та,
Аласа төбелерге қонар шақ па.
Ту етіп адалдықты, пәк сезімді,
Барамыз еңбек, әнмен болашаққа.

Бәрі:

Жапырағы қурамас баһар бақтың,
Мәпелер оны жастық шапағат күн.
Жанымыз жаз орнатып жер бетінде,
Қалықтасын ақ құсы махаббаттың,
Қалықтасын ақ құсы махаббаттың!

 

Сөзі: Жүсіп Қыдыров

Әні: Жүсіп Қыдыров

Орындаушы:

Видеоға сілтеме: