Қазағымның күйлері-ай (текст)

Сағынышты жүрегімнің назындай,
Қырдың әсем қалқып ұшқан қазындай,
Сырлы әсем Сырдария сазындай,
Аңыраған аққулардың мұңындай,
Анасынан айрылған құлындайғ
Алатаудың аппақ ойлы шыңындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!

Жеті өзенді Жетісудай салалы,
Сарыарқаның самалындай самалы,
Дүрілдетіп тебіренткен даланы,
Бабамыздың күніренген зарындай,
Жайығымның жайлап аққан жанындай,
Даламыздың қайнап аққан қанындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!

Сексеуілдей қатып-семген сенімдей,
Бедірейген Бетпақдала шөліндей,
Бала жанар Балқашымның көліндей,
Қонағымдай келіп қалған күтінбей,
Жүректерден жаратылған бүтіндей,
Анамыздың уыз дәмді сүтіндей,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!

Сай-сүйекті сырқыратқан төзімдей,
Қайта оралмас махаббаттың көзіндей,
Қайталанбас қимас асыл сезімдей,
Толқытады теңіз, мұхит тасқандай,
Алдымыздан арман – елік қашқандай,
Құпиясы шексіз-тылсым аспандай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!

Қатты мұңы – көктен түскен жасындай
Сырлы мұңы – таудың тілсіз тасындай,
Ащы мұңы – көздің кермек жасындай,
Қасіретті қос ішектен құйылған,
Күмбірлесе күллі дүние ұйыған,
Тәңіріме сыйынғандай сыйынам,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!

 

Сөзі: Шөмішбай Сариев

Әні: Кеңес Дүйсекеев

Орындаушы:

Видеоға сілтеме: