Құдай-ау, ұл етпедің, қыз еткенің,
Қайғы мен уайымнан құр етпедің.
Сарғайып күні бұрын жүрсем-дағы,
Арманға көңіл, шіркін, бір жетпедім.
Ата-анам, асырап едің алып қолға,
Мінеки, жасым келді жаңа онға.
Әкемді күнде біреу жағалайды,
Қалың сор, нәсіп емес маған ол да.
Мал десе, жанын сатар әкем жарлы,
Бола ма малды көрсе, кедей арлы?
Шерімді ішімдегі тоқтатайын,
Өтіпті менен бұрын талай зарлы.
Хиуа, Айша жаста о да кеткен,
Жылатып Зағиланы зар еңіреткен.
Разия он үш жаста, Күнхан, Жамал,
Ол-дағы әділетсіз жолда кеткен.
Барғаны кенже қыздың қатын үсті,
Істеді сорлы бейбақ не қылмысты?
Көзінің аққан жасы кімге батар
Өкімет көрмей ме екен мұндай істі?
Мал болса, шалға қатын табылады,
Желігіп, тоқал іздеп қағынады.
Сенгені өкіметтің судья болса,
Оған да бір қарасы жалынады.
Алты қой болысына болды тығын,
Бір тоқты шабарманға шықты шығын.
Арызын тыңдайтұғын еш адам жоқ,
Айтады шығып бұлар кімге мұңын?
Сөзі: Әсет Найманбайұлы (1867-1922)
Әні:
Орындаушы: