Мархаба – көңілі күй, сөзі дастан,
Ұстазым бұл өмірге көзімді ашқан.
Әуен боп әнімде жүр мақпал үнің,
Жырымда ізің жатыр өзің басқан.
Бір өзің өнер-білім әлеміндей,
Кім айтар даналық сөз дәл өзіңдей.
Мархаба, есіміңіз қымбат маған,
Қазақтың қасиетті сәлеміндей.
Мархаба – шалқар әуен, шабытты өлең,
Өмірдің ұлылығын дәріптеген.
Мархаба – алғаш ұғым есімдегі,
Санама бірге сіңген әліппемен.
Бір өзің өнер-білім әлеміндей,
Кім айтар даналық сөз дәл өзіңдей.
Мархаба, есіміңіз қымбат маған,
Қазақтың қасиетті сәлеміндей.
Ұстазым – ұлағатым, үлгім менің,
Күйім боп көкейімде күмбірледің.
Мен үшін дүниенің байлығындай,
Анамдай мейірлене бір күлгенің.
Бір өзің өнер-білім әлеміндей,
Кім айтар даналық сөз дәл өзіңдей.
Мархаба, есіміңіз қымбат маған,
Қазақтың қасиетті сәлеміндей.
Сөзі: Төлеген Мұқаев
Әні: Мелс Өзбеков
Орындаушы: