Аққуым (текст)

Аққуым, кейпің қандай айдындағы,
Қиялға қанат байлар жай мұндағы!
Көк аспан, көгілдір көл тең келер ме,
Тең келмес ару көркі айдын-дағы!

Сезім шертер күйші ме едің,
Саған, аққу, сүйсінемін!
Арман-жүрек жазбай мәңгі,
Ару құстай сүйші дермін!

Аққуым, үміт құсым, аспандағы,
Ән-жырдай қалықтасаң асқан бағың!
Жасыл бел, жазира жер, көк айдынға,
Көрік боп қанат қақшы, жасқанбағын!

Сезім шертер күйші ме едің,
Саған, аққу, сүйсінемін!
Арман-жүрек жазбай мәңгі,
Ару құстай сүйші дермін!

Аққуым, анты ма едің адалдықтың,
Күйіңнен кербез сұлу дананы ұқтым.
Не заман кең дүние, кеңістікте,
Өзің де өзгермепсің, дара мықтым.

Сезім шертер күйші ме едің,
Саған, аққу, сүйсінемін!
Арман-жүрек жазбай мәңгі,
Ару құстай сүйші дермін!

Аққуым, ақ періште армандайсың,
Сан ғасыр қойнауынан қалғандайсың.
Аман боп, айнып-азбас ақ сезім боп,
Аққуым, мәңгілікпен жалғанғайсың.

Сезім шертер күйші ме едің,
Саған, аққу, сүйсінемін!
Арман-жүрек жазбай мәңгі,
Ару құстай сүйші дермін!

 

Сөзі: Жолбарыс Баязитов

Әні: Қалибек Деріпсалин

Орындаушы:

Видеоға сілтеме: