Ақырғы сөз (текст)

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Қаптағы дән сияқты себілмеген.
Тірліктің қызығына қызып жүріп,
Айқайға қайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!
Зымырап бәйге атындай өте шықтым,
Жабығып көріп еді көңіл неден?
Ертең жазып, бүрсігүні бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен.

Гүлдерім қайта өнер ме өрімдеген,
Жібегім кетті-ау талай өрілмеген!
Өмірдің өрге басқан жолын қумай,
Өттім-ау бос үмітке еруменен.
Қатын-бала асырау амалында,
Кеттім ғой соған көңіл бөлуменен.
Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берлімеген?
Осымен өмір бітті, дәм таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген!
Тіршілікте әрекет етпеген соң,
Сүйектен не шығады кебіндеген?

Жолықтым дәм таусылар уақтысына,
Ажалдың мейірімсіз қаттысына.
Жүргенде елден ауып есім шығып,
Тұрмыстың тура келіп тапшысына.
Кеудемнен тіршіліктің оты өшіп,
Жанымның қош айтыстым ақ құсына.
Төбемде жарқыраған сәулем сөніп,
Лақтырдым қолымдағы затты суға.
Айбарлы ұлы арыстан болғаныммен,
Тышқандай бағам бар ма жақты ашуға?
Ажалды ақша беріп сатып алып,
Кездестім аңқау елдің бақсысына.
Әу деген үнімді ел көп тыңдаған,
Жиналып жаяуы да, аттысы да.

Сөйлесем, жүректегі шерін төккен
Арызды, армандысы, даттысы да.
Сезімді, сергек туған көзі ашықтың,
Талантты, талабы зор оттысы да.
Ажал ма, арманда ма – қалай өлем,
Білетін дәрігердің жоқ жақсысы да!

Алмасты мүсәтір деп татып алдым,
Дерт шалды өне бойды, жатып алдым.
Құдайдан тура келсе, арманым не,
Ажалды бес теңгеге сатып алдым.
Өлімді ойламаған сорлы басым,
Дүрмекке елтіп жүріп қапы қалдым.
Өрнекті өлеңімнің гүлі қурап,
Сөгілген ескі етіктей қақырадым,
Қоштасар мезгіл жетті ел-жұртыммен,
Найман ел, жалпақ үйсін, қалың арғын.
Сәлем де артта қалған туған елге,
Ту тігіп, думан құрып өскен жерге!
Жыртылып айрылған үйрек-қазы,
Самалы қоңыр салқын айдын көлге!
Көре алмай ақырғы рет өлерімде,
Мойнымды сұнып тұрмын терең көрге.
Ел-жұрттан алыс кетіп, ақырында
Аяғын шалыс басқан мен бір пенде.
Ән-күйдің қызығының отын үрлеп,
Кез болдым кері аққан қатты селге.
Таусылып бара жатыр қауқар күшім,
Шапқанда шапшитұғын қарсы өрге.

Алашқа атым шыққан Әсет ақын,
Өлеңім – жан жолдасым болған жақын.
Ақтарып ағытқанда түйдегімен,
Мейірін тыңдаушының қандыратын.
Дәуірлеп дәурен өтті желдей есіп,
Ел-жұртым қадірлейтін сөздің парқын.
Жігіттер, өкінсеңдер әнімді аңсап,
Армандай еске түсер менің даңқым.
Сөздерді інжу-маржан ақтарғанда,
Нөсердей сорғалатып жаудыратын.
Аңыраған аспан көкке асқақ үнім,
Саған да уақыт жетті-ау қарлығатын!
Бозбала, осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Білмесең сыр, мінезін жақсы өнердің,
Домбыра қайдан жорға күйге келсін?
Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің.
Боршалап, іреп, сойып өз бетіңмен,
Тоқпақтап, найза сұғып түйрелерсің.
Оған да көнбеген соң,көңілің қайтып,
Жуымай маңайына жиренерсің.

Ішінде өсіп-өндім қызай елдің,
Жерлерін Күнес, Текес мекендедім.
Қандырған құлақ құршын тыңдаушының
Осы екен, қайран даусым, жетер жерің!
Дүниенің қызығына тоямын деп,
Көз жұмдың, пақыр Әсет, бітті демің.
Сыймайтын шалқығанда арнасына,
Сарқылып бара жатыр тасқын селім.
Өмірдің шыңырауына құлдиладым,
Сырғанып мойыныма кетті-ау ерім.

Өлеңмен атақ жайдым оң мен солға,
Жүйрік ем сүрінбеген терең орға.
Еркелеп ел ішінде жүруші едім,
Қапыда құтылмастай түстім торға.
Тірліктің нұры сөніп бара жатыр,
Бір Алла, сапарымды өзің оңда!
Тарылып талыс кеудем күрілдеген,
Шығады қырылдаған үнім зорға.

Дертке – дәрмен, көңілімнің гүлі болған,
Осы өлең адастырады-ау ақтық жолда!
Ел-жұртым, аға-іні, көңіл қошым,
Бұл менің арыздасқан сөзім болсын.
Даусымды ести алмай арқыраған,
Сыьырым таңдандырар шыққан тосын.
Кешегі дүрілдеген заманымда,
Бастадым өз ортаңда әннің көшін.
Барады қарауытып қос жанарым,
Тағдырым сыйға тартты күңгірт кешін.
Ақырғы айтар сөзім осы болды,
Бәрібір мейлі дұшпан, мейлі досым.
Артымда тірі қалған үлкен-кіші,
Бәріңе ақтық рет айтқан қошым!

 

Сөзі: Әсет Найманбайұлы (1867-1922)

Әні:

Орындаушы:

Видеоға сілтеме: