Әлди, бөпем, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Астыңа терлік салайын,
Үстіңе тоқым жабайын,
Ауылдан кеткен апаңды
Іздеп қайдан табайын.
Жылама, балам, жылама,
Ата-екеңді қинама!
Арша ма екен бесігі,
Ала ма екен әкесі?
Өрік пе екен бесігі,
Сүйе ме екен әкесі?
Жиде ме екен бесігі,
Жігіт пе екен әкесі?
Жылама, балам, жылама,
Ата-анаңды қинама!
Құрығыңды айырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызымет қылар ма екенсің?
Қолымыздан іс алып,
Мойныңызға күш алып,
Бақытымызға, жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?
Жылама, балам, жылама!
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағың түрісіп,
Ойға, тауға жүрісіп,
Балуан болар ма екенсің?
Қылған ісің оң болып,
Кигенің жақсы тон болып,
Момын болар ма екенсің?
Жылама, балам, жылама,
Әлди, бөпем, ақ бөпем!
Алтынмен шоқтап бөрікті,
Берсек пе екен осыған.
Біз садаға, біз зекет,
Кетсек пе екен осыдан.
Менің тәттім қайда екен?
Қыздарменен тойда екен,
Тойда болса, отырсын,
Қолына жүзік толтырсын.
Жылама, балам, жылама,
Ата-екеңді қинама!
Бал қайнатып, шай ішкен,
Қазы кертіп, жал жеген,
Асты болар ма екенсің?
Ұзақ жасап, көбірек
Басты болар ма екенсің?
Әлди, бөпем, әлди-ай!
Қарағай найза қолға алып,
Жауға тиер ме екнсің?
Қашқан жаудың артынан
Тұра қуар ма екенсің?
Жылама, балам, жылама,
Әлди, бөпем, ақ бөпем!
Қайда екен балам, қайда екен?
Қыздарменен тойда екен.
Қызыл алма қолында,
Қыздар мұның жолында.
Алла, балам, Алла жар,
Армансыз дүние кімде бар?
Біреудің болып көңілі шат,
Армандылар аһ ұрар.
Әлди, балам, әлди-ай,
Жездей балам, әлди-ай!
Жездей-жездей қолыңнан
Жезделерің айналсын.
Аппақ-аппақ қолыңнан
Апаларың айналсын.
Әлди, балам, әлди-ай!
Әлди, балам, батыр балам,
Шауып келе жатыр балам.
Отыз қызды олжалап,
Алып келе жатыр балам.
Олжа-олжа дегенде,
Әрбіріне бір қыздан
Беріп келе жатыр балам.
Әлди, балам, әлди-ай!
Әлди, балам, ақ балам,
Ақ бесікке жат, балам.
Айналайын көзіңнен,
Атасына нақ, балам.
Әлди, балам, әлди-ай!
Әуедегі жұлдыздай,
Суда жүзген құндыздай,
Өзім қалап сүйгендей,
Ұжмақтағы хор қыздай.
Әлди, балам, әлди-ай!
Көзімнің ағы, қарасы,
Жүрегімнің парасы.
Дүние-қамды ойлатпас
Көңілімнің данасы.
Әлди, балам, әлди-ай!
Айналайын шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Жағамдағы құндызым,
Әуедегі жұлдызым.
Әлди, балам, әлди-ай!
Айналайын, балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай.
Әлдилеп сені сүйгенде
Атаңның болар көңілі жай.
Әлди, балам, әлди-ай!
Сөзі: Халық әні
Әні:
Орындаушы: