Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
Беу-беу, гауһартас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.
Ажарың ақ түлкідей қашқан құмнан,
Шолпандай таң алдында жалғыз туған.
Жылы су, қолда құман, қарда орамал,
Жібекпен қызыл кәріс белін буған.
Беу-беу, гауһартас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.
Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,
Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң.
Жай жүріп, шаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойнын бұрған.
Беу-беу, гауһартас,
Құсни құрдас,
Раушан жүзің көргенде,
Сәулем-ау, сабырым қалмас.
Сөзі: Сегіз сері (Мұхамедханафия) Баһрамұлы (1818-1854)
Әні:
Орындаушы: