Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші, балам!
Бейуақ, іңірдегі көңіліме
Күй болып күңіреніп енші, далам.
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған
Шапағың бар шаттығын құяр маған.
Өсірген өнерімді Қызыр бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішегің жетімсіреп ызыңдаған.
Ерке назым менің де, сазым менің,
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің?
Дариға, домбырамды берші маған,
Айналып ұшсын аққу-қазым менің!
Сөзі: М. Мақатаев
Әні: Т. Рахимов
Орындаушы: