Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Елім-ай, Елім-ай.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,
Елім-ай, Елім-ай.
Мына заман қай заман? Бағы заман,
Баяғыдай болсайшы тағы заман,
Елім-ай, Елім-ай.
Атадан ұл, енеден қыз айрылды,
Көздің жасын көл қылып ағызамын,
Елім-ай, Елім-ай.
Мына заман қай заман? Қысқан заман,
Бақыт құсы алаштан ұшқан заман,
Елім-ай, Елім-ай.
Көк аспаннан топырақ, шаң борады,
Күні суық қаңтардан, қыстан жаман,
Елім-ай, Елім-ай.
Қош аман бол, Қаратау, атам өлкем,
Төрт түлік пен ел екен жердің көркі,
Елім-ай, Елім-ай.
Бақ, байлықпен даңқты алаш ұлы,
Қайсы жұрттың болар-ау келекесі,
Елім-ай, Елім-ай.
Қош аман бол, Қаратау, ел өлкесі,
Жердің кетер ел ауса берекесі,
Елім-ай, Елім-ай.
Ханзададай, ханшадай өскен ұл-қыз,
Қайдан енді табады берекесін,
Елім-ай, Елім-ай.
Сөзі: Халық әні
Әні:
Орындаушы: