Заман-ай (текст)

Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Туған жердің лайланды-ау тұнығы.
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
Неге біздер у ішеміз суаттан,
Неге біздер ажыраймыз тұяқтан?
Туған жерді тоздырғанша, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Неге жерге кірмейміз біз ұяттан?
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.
Қираттық та ата-баба мазарын,
Қасіреттің тарттық енді азабын.
Қоң етіңді ойып берген, заман-ай,
Заман-ай, заман-ай,
Көсілетін көрпең қайда, қазағым?
Қайран елім, қайран жерім қор болған,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай.

 

Сөзі: Ұ. Есдәулетов

Әні: Т. Мұхамеджанов

Орындаушы:

Видеоға сілтеме: